Accessibility links

Ақтөбеде сотталғандарға апелляциялық сот шешімі шықты


Ақтөбеде облыстық сотының апелляциялық алқасы бүгін 2016 жылдың 5 маусымында болған қарулы шабуылдарға қатысты сотталғандардың сот үкіміне берген апелляциялық шағымын қарап, шешім шығарды.

Судья Мұратғали Әкетай төрағалық еткен сот алқасы "қолдарына қару алып, шабуылға шықты" деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Асхат Рахметов, Бақыт Қуанышбаев, Әнуар Садықов, Әрсен Таңатаров, Асхат Иманғалиевтің, 20 және 22 жылға сотталған Азамат Абдрахманов пен Айдос Жұбановтың жазасын өзгертпеді. Айдос Жұбанов үкімге шағымданбаған. Бұған қоса" қылмыс туралы хабарламады" деген айыппен сотталған А.Нұрмұқановтың да жазасы өзгертілмеді. Сот Нұрмұқановтың бұрын да "ауыр қылмыс жасап, жалған ақша жасағаны" үшін сотталғанын ескерді.

Өзге 19 адамға - "қылмыс туралы хабарламады" және "қылмысты жасырып қалды" деген айыптармен сотталғандарға рақымшылық жасау туралы заңы қолданылып, жазаларының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі қысқыртылды. Бұл 19 сотталушының ішінде екеуі - С.Сейітқалиев және Ү.Өтепов үкімге апелляциялық шағым бермеген. Бірақ оларға да рақымшылық заң қолданылып, жаза мерзімі сәл азайтылды.

Қарулы шабуылға қатысты сотталғандардың адвокаттары апелляциялық сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 12 қаңтар 2017 жыл
Қарулы шабуылға қатысты сотталғандардың адвокаттары апелляциялық сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 12 қаңтар 2017 жыл

Былтыр маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

Ақтөбе облыстық соты осы оқиғаға байланысты 29 қарашада 29 адамға үкім ​шығарған.

XS
SM
MD
LG