Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев екі айға қамалды деп хабарлады бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі.
Ресми мәлімет бойынша, ҰҚК Бағлан Майлыбаев пен президент әкімшілігінің бұрынғы тағы бір қызметкері Николай Галихинді 12 қаңтарда "Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату және жария ету" айыбы бойынша ұстаған. Николай Галихин бұған дейін президент әкімшілігінде ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.
Ал 14 қаңтар күні Астананың Есіл аудандық соты Майлыбаев пен Галихинді 2 айға қамауға алу туралы санкция шығарып, күдіктілер ҰҚК-нің тергеу абақтысына жабылған.
Күдіктілердің тұратын жерінде тінту жасалып, заттай айғақтар тәркіленген. ҰҚК қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын және оның нәтижесі бойынша қосымша хабарланатынын айтады.
Бағлан Майлыбаев президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен 12 қаңтар күні босатылған.