Accessibility links

Астанада Бигелді Ғабдуллиннің ісі бойынша сот басталды


Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.
Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.

Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық сотында Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің қылмыстық ісі бойынша сот тыңдауы басталды деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Сот отырысына тілшілердің қатысуына рұқсат берілді. Бірақ тыңдау басталар кезде прокурор тілшілердің аудио, видео, фото түсіруіне тыйым салуды, оған тек жарыссөз кезінде рұқсат беруді сұрады. Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров та, жәбірленушілер тарабы прокурордың сұрауын қолдады. Ғабдуллиннің өзі сотта аудио мен видео жазба жасауға қарсы болмады. Судья Бағлан Ыдырысов прокурордың сұрауын қолдап, жарыссөз кезінде ғана суретке түсіруге, аудио және видео жазба жасауға рұқсат беретінін мәлімдеді.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын 2016 жылы 15 қарашада хабарлаған. Бюро таратқан ақпарат бойынша, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған".

Бүгінгі сотта прокурор Бигелді Ғабдуллинге тағылған айыпты оқыды. Ол Ғабдуллиннің "Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысы, Астана қаласының мемлекеттік органдарынан, энергетика министрлігінен ақша бопсалағанын", "2016 жылы 22 миллион 625 мың теңге заңсыз иеленгенін" айтты. Габдуллин сотта қылмысын, қателескенін мойындайтынын, онысы үшін өкінетінін айтты.

11 қаңтарда соттың алдын ала тыңдауында Аманжол Мұхамедияров өз қорғауындағы Бигелді Ғабдулиннің "қылмыс жасағанын мойындағанын", "қылмыстық әрекетінен зардап шегушілерге 20 миллион 625 мың теңге көлемінде шығынын өтегенін" хабарлап, оны қылмыстық жазадан босатуды сұраған. Бірақ судья айыпталушыны жауапкершіліктен босатуға әзірге негіз жоқ екенін айтып, бұл мәселе соттың алдын ала тыңдауында емес, қылмыстық істі зерттеп қарайтын отырыста анықталатынын" хабарлаған.

XS
SM
MD
LG