Accessibility links

Мәскеу: Санкцияны жою үшін ядролық қаруды азайтуға келіспейміз


Сергей Рябков, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары.

Ресей АҚШ-тың болашақ президенті Дональд Трамптың Ресейге ядролық қару-жарақты азайту туралы келісім жасасып, есесіне санкцияларды жою туралы ұсынысын қабылдамай тастады.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 16 қаңтарда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Мәскеу АҚШ-пен ядролық қарусыздану бойынша сөйлесуге дайын екенін, бірақ қару-жарақты қадағалау мәселесі санкцияларды жою жөніндегі келіссөзбен бірге қаралмайтынын мәлімдеді.

"Санкциялар бойынша диалог болмайды. Біз ешқашан санкцияларға қатысты қандай да бір шарттарды талқылаған емеспіз және қазір де ондай ниетіміз жоқ. Ол санкциялардың барлығы ойдан шығарылған және заңсыз сылтаулармен салынған" деді Рябков.

Сергей Рябков Ресейдің ядролық қаруды азайту жайында келіссөзге дайын екенін айтқанымен, Мәскеу санкциялардың жойылуы үшін қарулану мәселесінде шегініс жасамайтынын ескертті.

"Диалогсыз ешнәрсе орындалмайды, бірақ Мәскеу қандай да бір себептерге бола өзінің қорғаныс саласындағы ұстанымын өзгертеді деу аңғалдық болар еді. Мұндай ұстаным ұсақ-түйек есепке құрылмаған, ол Ресейдің ұлттық мүдделерін түйсінумен байланысты" деді Рябков.

XS
SM
MD
LG