Қазақстан Астанада Сирия бойынша келіссөз өткізуге толық дайын деп хабарлады бүгін Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов. Оның сөзінше, келіссөз алдын ала 23 қаңтарға белгіленген.
"Кездесудегі барлық нәрсе келіссөзге қатысушылар құрамына, Ресей, Түркия делегациясын кімдер басқаратынына байланысты болмақ. Біз Иран өкілдері де келіссөзге қатысуға тілек білдіріп отырғанын білеміз. Қазақстан жағы толық дайын" деді Абдрахманов Астанада. Ол Астанада өтеді делінген кездесу 9 ақпанға белгіленген "Женева келіссөзіне дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі" болады деп күтіліп отырғанын айтты.
Абдрахмановтың сөзінше, қазақстандық дипломаттар "келіссөздің форматы, өтетін орнын анықтап", авиация, логистика және басқа да мәселелерге қатысты шешім шығару үшін келіссөзді ұйымдастырушылардан оған қатысушылар туралы ақпарат күтіп отыр.
Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Ердоған бұған дейін Сирия бойынша бейбіт келіссөзді Астанада өтуі мүмкін екенін мәлімдеген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдаған. Бірақ Сириядағы кейбір оппозицияшыл топтар президент Башар Асад үкіметін бейбіт келіссөз талаптарын бұзып отыр деп айыптағандықтан Астанада келіссөз өткізу әзірге белгісіз болып тұр.