Accessibility links

Анкара: Түнгі клубқа шабуылдаған күдікті Ауғанстанда дайындалған


Стамбулдағы Reina түнгі клубына шабуыл жасады деп ұсталған күдікті (сол жақта) мен шабуылдан кейін тараған шабуыл жасады деген күдіктінің суреттері.
Стамбулдағы Reina түнгі клубына шабуыл жасады деп ұсталған күдікті (сол жақта) мен шабуылдан кейін тараған шабуыл жасады деген күдіктінің суреттері.

Түркия билігі Стамбулдағы Reina түнгі клубына жаңа жыл түні шабуыл жасады деген күдіктінің ұсталғанын растады. Шабуылдан 39 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым 17 қаңтарда күдіктіні полиция тергеп жатқанын мәлімдеп, тергеу кезінде шабуылдың артында кім тұрғаны ашылады деп үміттенетінін білдірді. Премьер бұдан басқа ақпарат бермеді.

Стамбул губернаторы Васип Шахин күдіктінің Өзбекстанның 1983 жылоы туған Абдулкадир Машарипов есімді азаматы екенін хабарлады. Шахиннің сөзінше, Машарипов Ауғанстанда дайындықтан өткен. Губернатор Машарипов кісі өлтіргенін мойындағанын айтып, ұсталған күдіктінің саусақ таңбасы шабуыл орнын табылған саусақ іздерімен сай келетінін жеткізді.

Түркия билігі қылмыскер 1 қаңтарға қараған түні клубқа бір өзі таксимен жетіп, клубқа кіреберісте екі адамды өлтірген сосын ішке кіріп ондағы адамдарға оқ атқан дейді. Шахин Машариповты жақсы дайындықтан өткен, төрт тілді меңгерген террорист деп атайды. Стамбул губернаторы сонымен қатар қолға түскен ақпар бойынша күдікті Түркияға 2016 жылдың қаңтарында заңсыз келгенін, Түркия территориясына шығыс жағындағы шекарадан өткенін айтты. Түркия билігі түнгі клубтағы шабуыл "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының нұсқауымен жасалғанына сенімді. Шабуыл жауапкершілігін ИМ мойнына алып, оны Түркияның Сириядағы қақтығысқа киліккені үшін кек алу деп атаған.

Түркиялық БАҚ бұған дейін полицияның шабуылға күдіктіні 16 қаңтар күні Стамбулдың Эсеньюрт ауданындағы рейд кезінде ұстағанын хабарлаған. Полиция беті ісіп, жарақат түскен, үстіне қан ізі бар футболка киген күдіктінің суретін жариялаған. Стамбул губернаторы күдікті ұсталған пәтерде болған Ирактан шыққан бір ер адам мен Африкадан шыққан үш әйелдің де ұсталғанын айтады. Ол БАҚ-тың күдікті ұсталған кезде қасында төрт жастағы ұлы да бірге болған деген ақпаратын терістеді. Полиция күдіктіден екі атыс қаруын, оқ-дәрі мен 197 мың доллар тәркілеген.

XS
SM
MD
LG