Accessibility links

Ақтөбедегі сотта екі майор соңғы сөздерін айтты


Майор Қайнарбек Тастамбеков сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Майор Қайнарбек Тастамбеков сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Қаңтардың 17-сі күні Ақтөбе гарнизонының әскери сотында 2016 жылдың маусым айындағы қарулы шабуылға қатысты айыпталған азаматтар - ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің майорлары Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов соңғы сөздерін айтты.

"Әскери жарғы тәртібін бұзды" деп айыпталған Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов шабуыл жасалған күні бөлімде кезекші болған.

Қайнарбек Тастамбеков өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейді. Майордың сөзіне қарағанда, "ол басшылары мен күштік құрылымдарды дер кезінде xабардар еткен, екі патроны қалғанша атысып, шабуылшыларға қарсылық көрсеткен".

Ал Қайнарбек Тастамбековтің көмекшісі болған Қайырғали Оразжанов соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты ішінара мойындайтынын айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіров: "Екі офицер өз өмірлері үшін алаңдап, әжетханаға барып бас сауғалаған. Осылайша олар әскери жарғының тәртібін бұзды, әскерилердің имиджіне нұқсан келтірді" деп санайды. Ол соттан Қайнарбек Тастамбековті үш жылға соттауды, Қайырғали Оразжановты екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімі ертең шығады.

Ақтөбеде 2016 жылы маусымның 5-інде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 20 шақты адам ұсталған.

Ақтөбедегі атысқа байланысты 29 адам сотқа тартылған. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі – қылмысты жасырып қалғаны үшін екі жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

XS
SM
MD
LG