Accessibility links

Сот OCC жұмысшыларының аштығын тоқтатуды міндеттеді


OCC сотқа бергендердің бірі, компания кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов және компанияның өзге де жұмысшылары. Ақтау, 5 қаңтар 2017 жыл.

Ақтау қалалық №2 соты бүгін Oil Construction Company (OCC) компаниясының республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп, аштық жариялап жатқан бірнеше жұмысшысына қарсы шағымын қарады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Дүниязада Кеншімова компанияның шағымда келтірілген талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Таңертеңгі сағат 9-да басталған сот түстен кейінгі сағат 2-ден кете аяқталды.

OCC 18 қаңтарда сегіз жұмысшысының үстінен шағым түсіріп, жұмысшылардың компанияның кәсіподағы кеңсесіндегі аштық акциясын тоқтатуын, жұмысшыларды аштық жариялап отырған кәсіподақ кеңсесін босатуға, компанияның OCC нысандарын қорғау және мекеме территориясында жиын өткізу тәртібі туралы ережелерін сақтауға міндеттеуді сұраған. Сотқа журналистерді кіргізбеді. OCC шағым түсірген жұмысшылар - компания кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев, Мақсот Таспаев, Валерий Пахомов, Қайрат Ерекешов, Құсайын Жылқышиев, Молдағали Иманғалиев, Серік Балжігітов.

Судья OCC-ның жұмысшылар аштығын заңсыз деп тауып, оны тоқтату, кәсіподақ кеңсесін дереу босату талабын толық, ал жұмысшылардың компанияның ішкі тәртіп ережелерін орындауы туралы талабын ішінара қанағаттандыруға шешім шығарды. Судья сонымен бірге жұмысшыларды сот шығынына кеткен 2269 теңгені өндіруді де міндеттеді.

Судья жауапкер тарап шағымданушы жақтың талаптарын шешім жарияланған сәттен бастап дереу орындасын деді. Жауапкер жақ сот шешіміне шешім қолдарынан тиген соң бір ай ішінде шағымдана алады.

Сотқа жауапкер жұмысшылардың заңгері ретінде қатысқан Тахир Ерданов Азаттыққа жұмысшылардың әуелде кеше кешке сотқа шақыртқанын, бірақ олар шағыммен танысуға уақыт беруін сұраған соң сотты бүгін таңертеңге ауыстырғанын айтты. Ол аудармашының орыс тілінде жазылған шағымды аударғанына көңілі толмағанын, соттың өздеріне талапкерге қарсы құжат түріндегі дәйектерін іс материалына тіркеуге мүмкіндік бермегенін айтып судьяға қарсылық білдірген.

Ерданов жарыссөзде судьяға ауызша қарсылық білдіргенін, бірақ оны судья "жазбаша бер" деп қабылдамағанын айтты. Бұдан соң отырыстан шығып кетіп қарсылығын жазбаша түрде тапсырып келгенінде шешім жарияланып жатқан. Ерданов енді соттың өзінің судьяға қарсылығын қарамағаны үшін шағымданатынын айтты.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясының жүздеген мұнайшысы республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді сұрап, аштық жариялағандарына екі аптаға таяды. Олардың қатарын қаңтардың 17-сінен бері компания қызмет көрсететін Қаламқас және Жетібай кеніштерінен келген жүздеген мұнайшы толықтырып, алғашқыда 90-нан астам болған наразы жұмысшының саны қазір 400-ге тақады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG