БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі (ҚК) алдағы аптада Қазақстан астанасында Ресей, Түркия және Иранның дәнекерлігімен өткелі отырған Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздерге қолдау білдіреді, бірақ ол кездесу осы кезге шейін БҰҰ аясында өтіп келе жатқан келіссөздерден бөлек бастама болмауы тиіс деп біледі. Бұл туралы БҰҰ ҚК-не төрағалық етуші, БҰҰ жанындағы Швецияның тұрақты елшісі Олаф Скуг журналистер алдында мәлімдеген.
"Кеңес мүшелері Астанада өткелі отырған кездесуге үміт артады және оны сириялықтар басқаратын саяси процестің маңызды бөлігі әрі Женевада ақпанның 8-і күні БҰҰ аясындағы келіссөздерді қайта жалғастыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырады" деп мәлімдеген БҰҰ ҚК-не төрағалық етуші, БҰҰ жанындағы Швецияның тұрақты елшісі Олаф Скуг жұма күні баспасөз мәслихатында.
БҰҰ ҚК Астанадағы бейбіт келіссөздер туралы бастаманы қаңтардың 20-сы күні жабық есік жағдайында талқылаған.Қаңтардың 23-і күні Астанада басталатын келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да қатыспақ.
Бұған дейін батыс державалары өкілдері Астанадағы кездесуде бейбіт бітім туралы нәтижеге қол жететіндігіне күмән келтіріп, ол кездесу Сирияда алтыншы жыл жалғасып жатқан азамат соғысын тоқтатуды көздейтін БҰҰ аясындағы келіссөздерден бөлек бастамаға айналып кетпеуі тиіс деген пікір білдірген.
Вашингтон Астанадағы келіссөздерге қатысуға шақырту алғанын қаңтардың 19-ы күні растаған. Қаңтардың 20-сы күні Қазақстандағы АҚШ елшілігі Ақ үйдің жаңа әкімшілігі Астанаға өкілін жіберетіні я жібермейтіні туралы кесімді жауап бере алмайтыны туралы мәлімдеген.