Accessibility links

Атырауда "терроризм" айыбымен төрт адам сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Атыраудың 2-қалалық соты Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Ат-Такфир уаль-Хиджра" экстремистік ұйымының төрт мүшесін бір жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

"Сот экстремистік сипаттағы материалдарды сақтағаны және оларды әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін айыпталған үш ер және бір әйелге қатысты үкім шығарды. Сотталушылардың барлығы экстремизм мен терроризмді насихаттағаны, сонымен бірге Қазақстанда тыйым салынған діни бірлестік қызметіне қатысқаны үшін айыпты деп танылды. Сотталушылардың бәрі бір жылға бас бостандығынан айырылды" делінген облыстық сот таратқан ақпаратта.

2016 жылғы желтоқсанда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Алматы қаласында жүргізілген арнайы операция барысында "Ат-Такфир уаль-Хиджра" ұйымына мүше деген күдікпен 33 адам ұсталғаны және олардан "діни материалдар, компакт-дискілер, компьютерлік техника мен үлкен сомада ақша табылғаны" туралы хабарлаған.

2014 жылы Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты "Ат-Такфир уаль-Хиджра" діни ұйымын экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған. Сот ұйғарымында Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия мен Еуропа Одағында да аталған ұйымның қызметіне тыйым салынғаны айтылған.

XS
SM
MD
LG