Accessibility links

Прокурор: Елеусінов пен Құшақбаевты Астанаға әкеткен


Жариялаған аштықтарының заңсыз екені жөнінде сот орындаушылардың сөзін тыңдап отырған мұнайшылар. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.
Жариялаған аштықтарының заңсыз екені жөнінде сот орындаушылардың сөзін тыңдап отырған мұнайшылар. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Ақтауда Oil Construction Company (ОСС) компаниясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың үстінен қылмыстық істер қозғалып, оларды Астанадағы ішкі істер министрлігіне алып кеткен. Бұл туралы бүгін таңертең Ақтауда қаңтардың 5-інен бастап OCC компаниясы кәсіподағы кеңсесінде Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап етіп, аштық жариялап жатқан жұмысшыларға Ақтау қаласы прокуроры Марат Тойжан мәлімдеді. Ол наразылық акциясын өткізіп жатқандардан кеңсені босату туралы сот шешімін орындауды талап етті.

- Сіздер сот шешімін орындамай, мемлекетке қарсы шығып отырсыздар. Сіздердің бұл отырыстарыңыз ештемеге әкелмейді, сіздердің сұрақтарыңыз шешілмейді, - деді прокурор.

Ақтау прокуроры Марат Тойжанның наразыларға айтқаны:

Ақтау прокуроры аштық жариялап жатқандардың тарауын талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:44 0:00

Жұмысшылар мемлекетке қарсы шықпағандарын, өз еңбек құқықтарын қорғау үшін заңды талап қойып отырғандарын айтты. Прокурордың ескертуінен соң наразылық акциясына қатысушылардың көбі кеңседен шығып, ғимарат алдына жиналды. Кешеден бері полиция қызметкерлері қадағалап тұрған кеңсенің ішінде қалған екі жұмысшы аштық акцияларын жалғастыра беретіндерін мәлімдеді.

Учаскелік полиция өкілі наразылық акциясына қатысушыларға ішкі істер департаментіне шақырту қағазы тапсырмақ болған еді. Онда не үшін шақыртылатындары түсіндірілмегендіктен жұмысшылар шақырту қағазын алудан бас тартты.

Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың Астанаға ішкі істер министрлігіне жеткізіліп, қазір оларға бұлтартпау шараларын қолдану мәселесі қарастырылып жатқаны туралы Азаттық тілшісі сенбі күні телефон арқылы сөйлескен астаналық адвокат Үмбетай Есбосынқызы растады.

Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты жұма күні таңертең полиция қызметкерлері үйлерінен алып кетіп, ішкі істер департаментіне жеткізген. Азаттыққа телефонмен хабарласқан Елеусінов өзіне қарсы осыдан екі жыл бұрын ашылып, кейін жабылған кәсіподақтағы қаржы жымқыру туралы қылмыстық істің қайта қозғалып жатқаны туралы айтқан еді.

Бейсенбі күні Ақтаудың 2-қалалық соты OCC компаниясының Әмин Елеусінов пен аштық жариялаған басқа бірнеше жұмысшысының үстінен берген шағымын қарап, жұмысшылардың аштық акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуды міндеттеген.

Мұнай саласына қызмет көрсететін OCC компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеншітерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын өткізіп жатқанына екі аптадан асты. Олар құрамына өздерінің кәсіподақ ұйымы енетін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылуына қарсы. Қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан конфедерацияны "заңмен белгіленген мерзімде жергілікті филиалдарын тіркеуден өткізбегені" үшін жабу туралы шешімін жариялаған болатын.

XS
SM
MD
LG