Accessibility links

Апелляциялық сот Майлыбаевты абақтыда қалдырды


Бағлан Майлыбаевтың президенті әкімшілігінің қызметкері кезіндегі суреті.
Бағлан Майлыбаевтың президенті әкімшілігінің қызметкері кезіндегі суреті.

Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы қаңтардың 20-сы күні Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевты екі ай тергеу абақтысына жабу туралы сот қаулысын өзгертуді сұраған оның адвокатының өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Адвокат Жомарт Сармановтың Азаттыққа хабарлауынша, ол апелляциялық алқадан өткен аптада "мемлекеттік құпияны заңсыз жинаған, таратқан және жария еткен" деген күдікпен тұтқындалған Майлыбаевқа үйқамақта ұстау шарасын тағайындауын сұрап өтініш берген.

Адвокаттың пікірінше, апелляциялық сот Майлыбаевтың әйелі мен асырауында кәмелетке толмаған екі баласы және тұрғылықты жері бары, денсаулық жағдайына байланысты тергеу абақтысында ұзақ уақыт бола алмайтындығы туралы құжат жүзінде бекітілген, оған белгіленген бұлтартпау шарасын жеңілдетуге негіз бола алатын жайттарды ескермеген.

Адвокат апелляциялық сот отырысына Бағлан Майлыбаевтың өзі қатыспағанын айтты. Ол қорғауындағы адамды соңғы рет жұма күні өткен апелляциялық соттың қарсаңында Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында көрген.

Бағлан Майлыбаевтың ісі "құпия" жайттарға қатысты болғандықтан оның мән-жайы туралы адвокаты комментарий бере алмайтынын айтты.

Адвокат Жомарт Сарманов "мемлекеттік құпияны жария етті" деген күдікпен ұсталып, қазір қамауда отырған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың да қорғаушысы. Азаттық тілшісімен әңгімеде Сарманов қазақстандық кей баспасөз құралдары Майлыбаевтың ісін еш негізсіз Дүтбаевтың ісімен, сондай-ақ "пара алған" деген күдікпен ұсталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісімен байланыстырады деп қынжылыс білдірді.

- Бұлар мүлде бөлек істер. Бірақ өзара байланысы жоқ істерді бір-бірімен байланыстырып жазып жүрген журналистер сонысымен тергеуге қысым жасап, мысалы, менің қорғауымдағыларға теріс қатынас тудырып отыр, - дейді Жомарт Сарманов.

Оның сөзінше, сырттай қарағанда ұқсас айыптар тағылғанымен, Майлыбаев пен Дүтбаевтың істерінің арасында байланыстың болмауы Сармановқа мүдделер қақтығысынан қауіптенбей, ол екеуін қатар қорғауға заңды негіз береді.

Өткен аптада ҰҚК қаңтардың 12-і күні Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінен босатылған Бағлан Майлыбаевтың сол күні ұсталғанын хабарлаған. Онымен бірге президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Николай Галихин де ұсталған. Қаңтардың 14-і Астананың Есіл аудандық соты Майлыбаев пен Галихинді екі айға тұтқындауға шешім шығарып, екеуі ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысына қамалған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG