Accessibility links

Трамп АҚШ орталық барлау басқармасында болды


АҚШ орталық барлау басқармасы белгісі.
АҚШ орталық барлау басқармасы белгісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп орталық барлау басқармасының (ЦРУ) штаб-пәтерінде болды. Осыдан біршама уақыт бұрын осы барлау мекемесінің жұмысына қатысты сындарлы пікір айтқан Трамп бұл жолы оның қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде аталған мекеменің атына мақтау айтқан.

Трамп арнайы қызметтердің алдында тұрған басты міндеттердің арасында халықаралық терроризмге қарсы күресті атаған. Трамп ол жұмысты кідіртпей, жылдам істеу керектігіне назар аударған.

Сонымен бірге президент Трамп АҚШ орталық барлау басқармасы бастығы қызметіне өзі ұсынған Майк Помпеоның кандидатурасын сенат бекітеді деп сенетінін мәлімдеген. Бұған дейін Конгресте демократтар аталған мәселені қарауды қаңтардың 23-іне қалдыруға қол жеткізген болатын. Ол мәселені кейінге сырғытуды құптамаған республикашылдар осы демалыс күндері орталық барлау басқармасы бастықсыз қалды деп саяси бәсекелестерінің ісін сөккен.

Бұған дейін Трамп АҚШ-та өткен жылғы сайлау кезінде америкалық серверлерге жасалған хакерлік шабуылдарға Ресейдің қатысы бар деген мәлімдемелеріне байланысты ЦРУ мен өзге де барлау қызметтерінің жұмысын сынаған. Соңғы бірнеше апта бойы Трамп өзі туралы «Мәскеудің компромат жинағаны» жайлы жалған ақпарат таратты деп америкалық арнайы қызметтерді айыптаған. Бұған байланысты Трамп пен ЦРУ-дың бұрынғы басшысы Джон Бреннан өзара сырттай дауласып қалған.

XS
SM
MD
LG