Accessibility links

ІІМ: Уақытша тіркелмегені үшін шара наурызда қолданыла бастайды


Алматы қаласы Алатау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдында тұрған жұрт. 10 қаңтар 2016 жыл.
Алматы қаласы Алатау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдында тұрған жұрт. 10 қаңтар 2016 жыл.

Қазақстанда уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмағандарға наурыз айынан айыппұл сала бастайды деп хабарлады бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ішкі істер министрлігінің миграциялық полиция департаментінің бастығы Серік Саинов.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

Бірақ Серік Саиновтың айтуына қарағанда, азаматтарды тіркеу мәселелері жөніндегі әкімшілік шаралар тіркеудің жаңа ережелері ресми жарияланған соң ғана қолданыла бастайды.

- Қазір ішкі мигранттарды тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша нормативтік жұмыс істеліп жатыр. Ол тіркеу ережелері ресми баспасөзде жарияланған соң он күнтізбелік күннен соң күшіне енеді. Бұл - шамамен наурыздың ортасына барып қалады, - деді Серік Саинов.

ІІМ ақпаратына қарағанда, 23 қатарға дейінгі мәлімет бойынша Қазақстанда 433 мың 706 азамат тіркелген. Олардың 194 мың 774-і - тұрғылықты жері бойынша, 238 мың 932-сі - уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұрған.​

XS
SM
MD
LG