Accessibility links

Сирия келіссөзінің алғашқы күні айтарлықтай ілгерілеу болмады


Сирия оппозициясы делегациясының басшысы Мохаммад Аллуш (ортада). Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.
Сирия оппозициясы делегациясының басшысы Мохаммад Аллуш (ортада). Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.

Астанада өтіп жатқан Сириядағы соғысты тоқтатуды көздейтін бейбіт келіссөздің алғашқы күнінде айтарлықтай ілгерілеушілік болмады.

23 қаңтарда түс кезінде басталған келіссөзге Сирия үкіметі мен оппозицияшыл топтарының өкілдері қатысқанымен, олар бір-бірімен тікелей тілдеспеді.

Келіссөздегі Сирия оппозициясының ресми өкілі Яхья әл-Ариди "оппозиция Ресей және Түркия делегацияларымен кездесіп, Сирия аумағындағы бітім жайын талқылағанын, оған БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура қатысқанын" айтты.

Келіссөзге қатысып жатқан Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев "Интерфакс" агенттігіне "эмоция қызуы әлдеқайда жоғары болғанын", бірақ үкімет өкілдері мен оппозиция делегациясы бір-біріне қатысты қандай да бір түрпідей тиетін әрекеттерден тартынғанын" айтты.

"Біз алғашқы күн біраз сәтті болды деп ойлаймыз" деді Лаврентьев.

Сирия билігі мен оппозициясының келіссөздің ашылуында жасаған мәлімдемелерінде қос тараптың Сириядағы қазіргі бітімнің мақсаты туралы түсініктері бір-бірінен бөлекше шыққан.

Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар әл-Джафари "саяси процестерге қызығушылық танытқан" оппозицияшыл топтарды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы немесе "Әл-Қаидамен" байланысы бар топтардан ажыратып алу керек" екенін айтты.

Оппозиция өкілі Мохаммад Аллуш қақтығысты "президент Башар Асад пен басқарушы банданың биліктен кетуі арқылы саяси жолмен реттеудегі алғашқы қадам қақтығысты тоқтату туралы келісім болуы керек" екенін айтты. Ол сонымен қатар Иран күштері мен Тегеран қолдайтын жасақтарды Сириядан кетіруге шақырды.

Мохаммад Аллуш Башар Асад армиясы жағында соғысып жатқан шетелдік әскери топтарды террористік ұйымдар тізіміне енгізуге шақырды. Ол мұндай топтар қатарына ливандық "Хезболла" ұйымын қосты.

XS
SM
MD
LG