Accessibility links

Байқоңырлық белсенді "жала жабу" айыбымен сотқа тартылды


"Байқоңыр азаматтық құқық үшін" ұйымының төрағасы Марат Дәулетбаев.
"Байқоңыр азаматтық құқық үшін" ұйымының төрағасы Марат Дәулетбаев.

Бүгін Байқоңыр қаласында азаматтық белсенді Марат Дәулетбаевтың соты басталды. Ол "қала мэрі Анатолий Петренкоға жала жапты" деп айыпталған.

"Байқоңыр азаматтық құқық үшін" құқық қорғау ұйымының төрағасы Марат Дәулетбаев 2016 жылы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып, Байқоңыр мэрін "қаладағы бірнеше жер телімін бизнесмендерге, қалалық кеңес депутаттары мен шенеуніктерге беріп, лауазымын асыра пайдаланды" деп мәлімдеген. Белсенді мэрдің бұл ісі "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаладағы жерді сатуға және жалға беруге 2016 жылы салған тыйымына қарсы" екенін айтқан.

Марат Дәулетбаевтың бұл пікірімен келіспеген Байқоңыр мэрі Анатолий Петренко сотқа шағымданған.

Кеше Front Line Defenders құқық қорғау ұйымы Марат Дәулетбаев пен оның ұйымы бұған дейін де қуғын-сүргін көргенін айтып, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуды талап еткен.

Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласы Қазақстан мен Ресейдің 1995 жылғы келісімі негізінде Ресейдің федералдық қаласы болып танылған. Ресей Байқоңырды ондағы ғарыш айлағымен бірге 1994 жылы жалға алып, 2050 жылға дейін пайдаланады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG