Accessibility links

Косово мен Сербия басшылары диалогты жалғастыруға уағдаласты


Косово премьер-министрі Иса Мустафа (солдан оңға қарай) Косово президенті Хашем Тачи, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини, Сербия президенті Томислав Николич және премьер-министрі Александр Вучич. Брюссель, 24 қаңтар 2017 жыл.
Косово премьер-министрі Иса Мустафа (солдан оңға қарай) Косово президенті Хашем Тачи, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини, Сербия президенті Томислав Николич және премьер-министрі Александр Вучич. Брюссель, 24 қаңтар 2017 жыл.

Косово мен Сербия басшылары 24 қаңтарда Брюссельде өткен саммитте соңғы уақытта шиеленісе бастаған қарым-қатынасты дұрыстау туралы жоғары деңгейлі келіссөз өткізуге келісті.

"Біз алдағы күндері жоғары деңгейлі басшылар арасындағы диалогты жалғастыруға уағдаластық. Біз сонымен қатар екі жақ арасындағы шиеленісті бәсеңсітіп, жауапкершілікпен әрекет етуге және ұстамдылық танытуға тырысамыз" деді Сербия премьер-министрі Александр Вучич кездесуден соң.

"Мен Сербия министрлері мен мемлекеттік шенеуніктерінен осы мәнерде іс-қимыл жасауды талап етемін. Мен біз сөзімізде тұрамыз деп сенемін" деді Сербия премьері.

Кездесу қарсаңында Косова президенті Хашем Тачи Белградты 2008 жылы тәуелсіздігін жариялағанға дейін Сербияның бір бөлігі болған Косовода тұрақсыздық орнатқысы келеді және анклавты бақылауға алу әрекетін ұйымдастырып жатыр деп айыптаған.

Кездесуден соң Тачи "Мен Сербия бұл кездесуді ұлтшылдық дәмесі мен пиғылын тыныштандыруға жаратады деп үміттенемін" деп мәлімдеді.

"Косово соғысқа шақырған үндеулерге бейбітшілік және қарым-қатынасты қалпына келтірумен жауап береді. Бұл кездесу Сербия басшылығына Косовоның өз конституциясы мен заңдары бар тәуелсіз ел екенін ұғынуға көмектесті" деді Хашем Тачи.

XS
SM
MD
LG