Accessibility links

"Үкімет азаматтар үшін" корпорациясына жаңа басшы келді


Алматы қаласы Алатау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдында тұрған жұрт. 10 қаңтар 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Алматы қаласы Алатау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдында тұрған жұрт. 10 қаңтар 2016 жыл (Көрнекі сурет).

"Үкімет азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясының жаңа басшысы болып Абылайхан Оспанов қызметке кірісті. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, 30 жастағы Оспановты тағайындау туралы шешім вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов жетекшілік еткен корпорацияның директорлар кеңесінің отырысында қабылданған.

Абылайхан Оспанов бұған дейін байланыс және ақпарат министрлігінде, транспорт және коммуникация министрлігінде қызмет істеген. Ол 28 жасында байланыс және ақпарат агенттігінің электрондық қызмет пен халыққа қызмет көрсету орталығын дамыту департаментінің директоры болған. Кейін "Нұр Отан" пратиясының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы болды.

Корпорацияның бұған дейінгі басшысы Данияр Еренчинов 18 қаңтарда "өз еркімен" қызметінен кеткен. Мұның алдында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруды міндеттейтін заң талабын орындаудан туындаған мәселе бойынша "Үкімет азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясының жұмысын сынаған. Жыл басынан бері Алматы облысы мен Алматы қаласында ХҚКО-да тіркеуге тұру кезегінде екі кісі көз жұмған.

Қаңтардан бастап уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы заң талабы күшіне енген соң халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) адам қарасы көбейіп, ұзын-сонар кезек пайда болған. Сағынтаев жиында Еренчиновті корпорацияның азаматтарды онлайн режимінде тіркеу қызметін қоспағанын айтып, сөккен.

XS
SM
MD
LG