Accessibility links

Мэй: Ресеймен сақтана отырып диалог орнату керек


Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі. Филадельфия, АҚШ, 26 қаңтар 2017 жыл.
Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі. Филадельфия, АҚШ, 26 қаңтар 2017 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй 26 қаңтарда АҚШ-қа сапары барысында республикашылдардың партиялық конференциясында Батыс елдерінің Ресеймен қарым-қатынасы "ынтымақтасу, бірақ сақтану" формуласында түзілуі тиіс екенін мәлімдеді.

"Бұл - Рональд Рейганның "Сенім білдір, бірақ тексер" деген ұранын басқаша сөзбен жеткізу. Рейганның Ресейге қатысты саясаты осы сөздің шеңберінде жүргізілді" деді Мэй. Оның сөзіне қарағанда, "Ресеймен қайшылыққа келмеу және қырғи-қабақ соғысы кезеңіне қайта оралмау мүлдем мүмкін емес", бірақ Мәскеумен диалогты тәжікелесуден гөрі ынтымақтасуға бейім тұратындай етіп жүргізу қажет.

Ұлябритания жетекшісі сонымен қатар британ-америка байланысын нығайту қажетін де айтты. Бірақ ол әлемдік тәртіпті қайта түзу үшін шетелдерде бірлесе әскери операциялар жүргізу дәуірі келмеске кеткенін жеткізді.

"Бірақ бұл біз батыл әскери қадам жасауды талап ететін шынайы қауіп-қатердің алдында әрекетсіз боламыз дегенді білдірмейді" деді Мэй.

Тереза Мэй мен Дональд Трамп келіссөзі бүгін болады. Мэй - Трамптың президент ретінде кездесетін алғашқы мемлекет басшысы.

Мэй қарашадағы президент сайлауында республикашыл кандидаттың жеңіске жеткеніне көңілі толатынын білдірді. "Мен үшін осында бүгін, Американың қайта түлеуінің басында сіздермен бірге болу үлкен мәртебе" деді Мэй республикашылдардың басшылығына қарата.

Тереза Мэй Трамп әкімшілігін Иранмен ядролық келісімнен шықпауға, Ресеймен көршілес елдерді қорғауға және халықаралық ұйымдарды, оның ішінде НАТО, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорын қолдауға шақырды.

XS
SM
MD
LG