Accessibility links

Пентагон басшысы: АҚШ НАТО-ға берген сертінен таймайды


Джим Мэттис, АҚШ қорғаныс министрі.

АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис Германия мен Франция қорғаныс министрлері Урсула фон дер Лайен мен Жан-Ив Ле Драянды АҚШ-тың НАТО-ға адал екеніне нандырды.

Пентагонның хабарлауынша, Мэттис бұл туралы 26 қаңтарда екі ел министрлерімен телефонмен сөйлескенінде айтты. Мэттис қызметіне кіріскен өткен аптадан бері Еуропаның осымен төрт елін Вашингтонның НАТО алдындағы сертінен таймайтынына сендірді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ны "ескірген ұйым" деп сынап, АҚШ өзін қорғауға күш салмайтын одақтастарын қорғаудан бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Трамп НАТО елдерінің көпшілігінің қорғанысқа бөлетін қаржысы НАТО белгілеген ЖІӨ көлемінің 2 пайызына жетпейтінін айтқан. Бұдан соң альянсқа мүше Германия, Румыния және басқа да елдер биылғы жылдың қорғаныс бюджетін қайта қарай бастаған.

Джим Мэттис АҚШ одақтастарының көңілін орнына түсірмек болып, Урсула фон дер Лайенге Германияның НАТО-ның Балтық бойы мен Ауғанстандағы іс-қимылдарында белсенді позиция атқаратынына алғыс білдірді. Пентагон басшысы сонымен қатар Германияның Ирактағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен күрестегі рөлін мойындады.

АҚШ-тың Еуропадағы ең көп 35 мың әскері - Германияда орналасқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG