Accessibility links

Путин Назарбаевқа Сирия келіссөзі үшін алғыс айтты


Сирия жанжалын реттеу бойынша Астанада өткен келіссөзге қатысушылар. 23 қаңтар 2017 жыл.
Сирия жанжалын реттеу бойынша Астанада өткен келіссөзге қатысушылар. 23 қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлады бүгін Ақорда баспасөз қызметі.

Екі елдің басшылары әңгіме барысында «күн тәртібіндегі өзекті жаһандық мәселелер, соның ішінде Астанада өткен Сирияға қатысты халықаралық кездесу қорытындылары жөнінде пікір алмасқан».

Путин Астанада сирияаралық келіссөздерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін Назарбаевқа алғыс білдірді делінген ресми ақпаратта. Назарбаев Сирия дағдарысын реттеу процесіне алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтқан.

Апта басында Астанада Сирия президенті Башар Асадтың өкілері мен Сириядағы кейбір оппозициялық топтар мүшелерінің қатысуымен Сириядағы қаруды жанжалды реттеу бойынша өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталған еді. Астанадағы келіссөздер Иран, Ресей және Түркияның арағайындығымен өткен. АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі оған делегация жіберген жоқ.

Сириядағы қарулы жанжалды реттеу бойынша БҰҰ да келіссөздер өткізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG