Accessibility links

Каирде Ирак пен Йемен азаматтарын АҚШ-қа ұшырмады


Египеттің EgyptAir әуе компаниясы ұшағы. (Көрнекі сурет.)
Египеттің EgyptAir әуе компаниясы ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Сенбі күні Каирден Нью-Йоркке ұшатын EgyptAir әуе компаниясы ұшағына Ирактың бес азаматын және бір йемендікті отырғызбай қойған. Египет астанасына транзиттік бағытпен келген алтауының да қолында АҚШ-тың заңды визасы болғанына қарамастан оларды келген жағына - Ирак пен Йеменге қайтарған.

Reuters агенттігі Каир әуежайындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлағанындай, Египет билігі мұндай шешімді АҚШ президенті Дональд Трамтың иммиграциялық ережелерді күшейтуге бағытталған жарлыққа қол қойғаны мәлім болғаннан кейін қабылдаған.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі мекемесі мен көші-қон бойынша халықаралық ұйым Вашингтонды соғыс оты мен саяси қуғындаудан қашып, пана сұрағандардан сырт айналмауға шақырған. Бұған дейін Трамп жеті мұсылман елінің азаматтарына АҚШ-қа келуіне 90 күнге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойған. CNN телеарнасының хабарлауынша, әңгіме Иран, Ирак, Сирия, Судан, Ливия, Йемен және Сомали туралы болып отыр. Бұған қоса Трамп өзге кез-келген елден босқын қабылдау жөніндегі бағдарламаның қолданысын 120 күнге тоқтатқан.

Сонымен бірге Ақ үй басшысының жарлығына сәйкес, АҚШ визасын қайтадан жеңілдікпен алу ережесі де күшін жояды. Енді виза алғысы келетін әрбір адам жеке сұхбаттан өтуге міндетті.

2017 жылы АҚШ қабылдайды деп жоспарланған иммигрант санын 110 мың адамнан 50 мың адамға дейін қысқарту міндеті қойылып отыр.

Өткен жылғы сайлауалды кампаниясы кезінде Дональд Трамп АҚШ пен одақтастарына қандай да бір террорлық қауіп-қатер төндірген елдерден АҚШ-қа мұсылман иммигранттардың келуіне тыйым салуға уәде еткен болатын.

XS
SM
MD
LG