Accessibility links

Душанбеде Тәжікстан қазақтары туралы кітап жарыққа шықты


Әбдісаттар Нұрғалиев "Тәжікстан қазақтары" кітабының тұсаукесерінде отыр. Душанбе, 30 қаңтар 2017 жыл.
Әбдісаттар Нұрғалиев "Тәжікстан қазақтары" кітабының тұсаукесерінде отыр. Душанбе, 30 қаңтар 2017 жыл.

Душанбеде «Тәжікстан қазақтары» деп аталатын кітап жарыққа шықты.

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарлауынша, кітап Тәжікстан қазақтарының әдет-ғұрпы және бүгінгі салты жайында ғылыми зерттеу болып табылады.

Орыс тіліндегі кітаптың авторы – жергілікті ғалым Әбдісаттар Нұрғалиев.
Оның айтуынша, осы елдегі қазақтардың өмірі мен әдет ғұрпы Тәжікстан тарихының ажырамас бір бөлігі болып саналуы тиіс. Әбдісаттар Нұрғалиев жергілікті қазақтардың кейбірі Совет одағы кезінде Тәжікстанда басшылық қызмет атқарғандарын, бүгінде олардың осы елде тұратын басқа да ұлттармен қатар бірқалыпты өмір сүріп жатқанын айтады.

160 беттен тұратын "Тәжікстан қазақтары" кітабының таралымы – 500 дана.

Кітапта бүгінгі Тәжікстан жерінде қазақтардың 500 жылдан бері тұратыны, бірақ олардың көпшілігі 1990 жылдары атамекені Қазақстанға көшіп кеткені айтылады. Әбдісаттар Нұрғалиевтің айтуынша, 1989 жылы Тәжікстанда 12 мың қазақ тұрса, бүгін олардың саны шамамен екі мыңды құрайды.

"Тәжікстан қазақтары" - профессор Әбдісаттар Нұрғалиевтің 24-кітабы. Оның қазақ әдебиеті және Абай туралы тәжік тілінде жазған зерттеулері ілгеріде жарық көрген болатын. Жоғары оқу орнын Қазақстанда бітірген Әбдісаттар Нұрғалиев қазір Душанбедегі Ресей-Тәжікстан славян университетінде сабақ береді.

XS
SM
MD
LG