Accessibility links

Путин мен Лукашенконың кездесетін күні әзірге анықталмады


Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 8 маусым 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 8 маусым 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко ақпанның алғашқы жартысында кездесуі мүмкін. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік "Известия" газетіне кездесу Одақтас елдер саммиті аясында жоспарланып отырғанын, ал оның күн тәртібінде екі елдің энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау да барын айтты.

Мәскеу кездесуді 9 ақпанда өткізуді ұсынған, бірақ Минск әзірге бұл мерзімді қуаттамаған.

Өткен жылы газ тасымалына байланысты Ресей мен Беларусь арасында кикілжің туындаған. Көмірсутегі шикізаты бағасының арзандауына байланысты Минск Ресейден жеткізілетін газ бағасын төмендетуді талап етіп, бір жақты түрде аз төлей бастаған. Қазір Минскінің газ үшін төлейтін қарызы 550 миллион долларды құрайды. Бұл мәселеге қатысты келіссөз сәтсіз аяқталған. Бұдан өзге, қаңтардың басында Ресейдің Беларуське мұнай тасымалдауды азайту ниеті бары белгілі болған.

Бүгін Regnum агенттігі өзінің дереккөзіне сілтеме жасап, Минскінің Еуразия экономикалық одағынан (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шығуға дайындалып жатқанын және Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің одағынан да шығуы мүмкін екенін хабарлады. Дереккөзінің ақпаратына қарағанда, Мәскеу Минскінің жоспарына түсіністікпен қарайды және қатқыл мәлімдеме жасамайды.

1 ақпанда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы Александр Бортников Ресейдің Беларусьпен шекарасына шекара белгілерін орнатуға бұйрық берген.

9 қаңтарда Беларусь 80 мемлекеттің, оның ішінде Еуропа Одағы елдері мен АҚШ азаматтарына елде бес күнге дейін визасыз жүріп-тұру режимін енгізген.

XS
SM
MD
LG