Accessibility links

Өзін өртеген прокурор көмекшісі СИЗО-ға түсті


Атыраудағы облыстық прокуратура ғимараты. Көрнекі сурет
Атыраудағы облыстық прокуратура ғимараты. Көрнекі сурет

Атырау облыстық прокуратурасы алдында өзін өзі өртеген бұрынғы прокурор көмекшісі Ләйла Смадьярованы үй қамақта ұстау жазасы екі ай мерзімге қамауға алу болып өзгертілді. 3 ақпанда Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа бұл мәліметті растады. Атырау қалалық №2 сотының судьясы Эльмира Ойқұлова прокурордың Смадьяроваға бұлтартпау шарасын қолдану туралы шағымын 2 ақпанда қанағаттандырған.

37 жастағы бұрынғы прокурор көмекшісі Ләйла Смадьярова 31 қаңтар күні Атырау облыстық прокуратура ғимаратының алдында өзін өртеп жібермек болған. Ол Азаттыққа мұндай әрекетке өз үстінен қозғалған қылмыстық іс әділ тексерілмейді деген оймен шарасыздықтан барғанын айтты.

- 16 қаңтарда бас прокуратураға арыз жаздым. Мен іс объективті қаралады, істі дұрыстап тексерсе, менің кінәм жоқтығы анықталады деп сендім. Сөйтсем расымен жүйеге қарсы тұра алмайды екенбіз. Сол себепті өлгім келді, - деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Смадьярова 2016 жылдың тамызында жұмыстан шеттетіліп, үй қамаққа алынған. Ол "пара алу" айыбы бойынша күдікті саналып отыр.

Смадьярова 3 ақпанда Атырау облыстық ауруханасынан тұтқынға алынып, СИЗО-ға жөнелтілді. Дәрігерлер оның денсаулығының қанағаттанарлық екенін айтады. Смадьярова жансақтау бөлімінен 31 қаңтар күні кешке қарай Атырау облысық ауруханасының хирургия бөлімшесіндегі жалпы палатаға көшірілген еді.

XS
SM
MD
LG