Accessibility links

Премьер Сағынтаев министрлерін сөкті


Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.
Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін өткізген үкімет отырысында өзі басқаратын кабинет мүшелерін сөкті деп хабарлайды Tengrinews сайты. Ол қарамағындағыларға кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сын-ескертпелерінен қорытынды шығарып, жұмысты жақсартуды міндеттеген.

"Әрбір министр үкімет мүшесі ретінде өзі жетекшілік ететін мемлекеттік органға бекітілген экономика саласының дамуына жауапты" деген ол.

Сағынтаев үкімет кеңсесіне бұдан былай министрлер мен әкімдерден шешімі солардың құзіретіндегі мәселелерге қатысты хаттарды қабылдамауды тапсырған. Сонымен бірге ол министрліктер мен ведомстволар өкілеттігіне жататын мәселелер бойынша үкімет жетекшісі мен оның орынбасарлары деңгейінде жиын өткізуге тыйым салған.

"Министрлер бір-бірімен әңгімелесуге ерініп, үкіметтен вице-премьер не премьер деңгейінде жиналыс өткізуді сұрайды. Бұлай болмайды. Оның үстіне енді бізде екі ғана вице-премьер қалды. Сіздердің мәселелеріңізбен айналысатын адам жоқ, өз мәселелеріміз жеткілікті" деген Сағынтаев.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары болып істеп келген Иманғали Тасмағамбетовтің Ресейдегі Қазақстан елшісі болып тағайындалғаны туралы жұма күні хабарлаған президент Назарбаев үкіметте енді екі вице-премьер ғана болатынын мәлімдеген.

Сонымен бірге бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен айналысатын "СК-Фармация" компаниясы басшысы отставкаға кету туралы өтініш бергенін хабарлады. Жұма күнгі жиында Назарбаев "СК-Фармация" компаниясы жұмысын сынап, оның басшылығын "бүкіл құрамымен жұмыстан қууды" Біртановқа тапсырған.

XS
SM
MD
LG