Accessibility links

Ұлттық банк: Теңге бағамы 2016 жылы сәл қымбаттады


Қазақстан валютасы - теңге 2016 жылы алты пайызға нығайды, ал 2014 жылдың басынан 2016 жылдың соңына дейінгі аралықты қоса алғанда теңге 21 пайызға әлсіреді деп хабарлады бүгін Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк мәліметінше, 2016 жылы теңгенің Ресей рубліне шаққандағы бағамы 8,3 пайызға арзандап, АҚШ долларына шаққандағы бағамы 2,6 пайызға нығайған. 2014 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың желтоқсаны аралығында теңгенің рубльге шаққандағы бағамы 10 пайызға, долларға шаққандағы бағамы 41 пайызға арзандаған.

Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, мұнай-газ саласына тартылған тікелей шетел инвестициясынан өзге капитал халықаралық ұйымдардан алған займдар мен Ұлттық қорды пайдаланудан түскен.

2016 жылы оң сауда балансы 9,4 миллиард долларды, ағымдағы төлем балансының тапшылығы 8,2 миллиард долларды құраған. 2015 жылы ағымдағы баланстың тапшылығы 5,5 миллиард доллар, сауда балансының профициті 12,7 миллиард доллар болған.

2016 жылы тауар импорты 27,8 миллиард доллар, 2015 жылы 34 миллиард доллар болған. Ұлттық банк 2016 жылы импорт көрсеткішінің азаюына "негізінен азы-түлік емес тұтыну тауарлары мен инвестициялық тауарлар жеткізудің кемуі" себеп болған дейді. 2016 жылы тауар экспорты 37,2 миллиард долларды құраған. Бұл - 2015 жылғы көрсеткіштен 19,9 пайызға төмен.

XS
SM
MD
LG