Accessibility links

Moody's Қазақстан банк секторына негативті болжам жасады


Қазақстандағы банктердің бірінің бөлімі, Алматы (Көрнекі сурет).
Қазақстандағы банктердің бірінің бөлімі, Алматы (Көрнекі сурет).

Moody's халықаралық рейтинг агенттігі 7 ақпанда жариялаған есебінде қазақстандық банктердің алдағы бір жарым жыл шамасында бизнес орта өзгеріп жатқан жағдайда төлем қабілетінен айырылу қаупімен ұшыраса береді деп болжады.

"Қазақстандық банктер: төлем қабылетінен айырылу қаупінің ұлғаюы кері болжамға бастайды" деп аталатын есебінде Moody's сарапшылары Қазақстанның банк секторындағы активтердің сапасы әлсіз болып отырғанын айтады. Теңге бағамының тұрғындардың нақты табысының азаюымен және бизнес ортадағы өзгерістермен бірге әлсіреуі проблемалық несие көлемінің артуына себеп болған. Агенттіктің мәліметінше, 2016 жылы проблемалық несиелер көлемі банктердің жалпы қарызға берілген капиталының 37 пайызына жеткен.

Қазақстан Ұлттық банкінің бағалауына қарағанда, 2016 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша өтеу мерзімінің кешіктірілуі 90 күннен асып кеткен займдар берілген несиелердің жалпы көлемінің 7,3 пайызын құрайды. Негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төленіп жатқан займдар 85,8 пайызды құрайды.

Сарапшылар теңгеге деген сенімнің біртіндеп қалпына келіп жатқанына қарамастан банк салымшылары әлі де болса долларға сенім артады. Moody's сарапшылары теңге әлсірей берген жағдайда банктерді қаржыландыру құнының ұлғаю қаупі туатынын айтады. Агенттік есебінде банк кірістерінің азаюы несиенің қайтарылмауынан келетін шығынның орнын толтыру мүмкіндігін шектейді дейді.

Сарапшылар 2017 жылы проблемалық несие деңгейінің жоғарылығынан банктердің табысы төмен деңгейде қала береді деп болжайды. Олар Қазақстан үкіметі ірі банктерді қайта қаржыландыруы немесе оларға ливкидтілік беруі мүмкін дейді.

3 ақпанда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің банктер қызметін бақылау және реттеу функциясын күшейту қажетін айтқан. Ол сол жиында Ұлттық банк қызметіне килігуге жол бермеу қажетін айтып, БАҚ-тағы банк басшысы Данияр Ақышевке тиісу мен соқтығуларға қарсылық білдірген. "Біріксін. Акционерлер егер банктерін сақтап қалғысы келсе өз қаржысын салады. Банктерді сақтаудың басқа тәсілі жоқ. Олар экономикаға керек емес, демек өмір сүруге де құқығы жоқ" деген Назарбаев.

Бұған дейін "Халық банк" пен "Казкоммерцбанк" мәміле бойынша алдын ала келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған. Ал ақпанның басында "Цеснабанктің" "Банкцентркредитпен" қосылу мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG