Accessibility links

Түркіменстанда карточкамен алатын ақша көлеміне шектеу енгізілді


Түркіменстан валютасы - манат пен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).
Түркіменстан валютасы - манат пен АҚШ доллары (Көрнекі сурет).

Түркіменстан банктері ел аумағында және шетелдерде азаматтардың банк карталарымен алатын қолма-қол ақша көлеміне жаңа шектеу енгізіп, банк қызметтерінің құнын өсірді. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен редакциясына аты-жөнін атамауды өтінген кәсіпкерлер мен мектеп мұғалімдері хабарлады

Түркіменстанның "Внешэкономбанкінің" 6 ақпанда күшіне енген жаңа ережелері бойынша, шетелде бір тәулік ішінде “Business”, “Electron/Maestro” және “Classic/Standart” категориялы карточкаларымен алатын ақша сомасы 250 доллардан (875 түркімен манаты), “Gold” категориялы карточкадан алатын ақша көлемі 300 доллардан (1050 түркімен манаты) аспауы тиіс.

"Бұған дейін өз есепшотымнан бір күнде 10 мың АҚШ доллары көлемінде қолма-қол ақша ала алатын едім. Енді бұл сома 250 доллардан аспауы тиіс екен. Енді барлық бизнесіме қауіп төніп тұр" деді түркіменстандық кәсіпкер.

"Жаңа шектеу ережелері туралы бізді алдын ала ескертпеді және еш жерде хабарланбады. Карточкадан ақша алатын кезде ғана білдік" дейді тағы бір кәсіпкер.

Сонымен қатар VISA және MasterCard категориялы карточкалардан ақша алғаны үшін ұсталатын банк комиссиясы 1,75 пайыздан 3 пайызға дейін артты.

"Внешэкономибанктің" ресми сайтында жаңа шектеулер енгізілгені және тарифтердің қымбаттағаны туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Түркіменстан аумағында карточкадан алатын ақша көлеміне де шектеу енгізілген. Жергілікті тұрғындар ел аумағында банкоматтар санының аз екенін және оларда жиі ақша жеткілікті болмай қалатынын айтады.

Тұрғындардың карточкадан қолма-қол алатын ақша сомасын шектеу елде бағаның қымбаттап, азық-түлік тапшылығы байқала бастаған кезбен тұспа-тұс келіп отыр.

XS
SM
MD
LG