Accessibility links

Өзбекстандағы АҚШ дипломаттары бұрынғы саяси тұтқынмен кездесті


Өзбекстандағы АҚШ елшілігі өкілдері Алисон Ханна мен Мамед Аскеров бұрынғы саяси тұтқын Мұхаммед Бекжанмен кездесіп отыр. Хорезм, 3 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстандағы АҚШ елшілігі өкілдері Алисон Ханна мен Мамед Аскеров бұрынғы саяси тұтқын Мұхаммед Бекжанмен кездесіп отыр. Хорезм, 3 наурыз 2017 жыл.

Өзбекстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы Алисон Ханна мен елшіліктің саяси және экономикалық мәселелер жөніндегі бөлімі бастығының көмекшісі Мамед Аскеров 18 жыл түрмеде отырып, ақпанның 23-і күні босап шыққан бұрынғы саяси тұтқын Мұхаммед Бекжанмен кездескен. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) хабарлады.

Жұма күні Өзбекстанның Хорезм облысы Янгибазар ауданына бұрынғы тұтқынмен кездесуге барған америкалық дипломаттар Мұхаммед Бекжанға егер АҚШ-та отбасымен бірге тұруға тілек білдірсе, «елшілік бұл істе оған көмектесетінін» жеткізген. Бірақ Мұхаммед Бекжан Отаны Өзбекстанда тұруды армандайтынын айтқан деп хабарлайды Озодлик радиосы

Мұхаммед Бекжан 1994 жылы бұрынғы президент Ислам Каримовтің тұсында үкімет тартып алған үйін билік өзіне қайтарар деп үміттенетінін айтқан. Сонымен бірге бұрынғы саяси тұтқын Өзбекстан билігі елде түрмелерде жылдар бойы отырған өзге саяси тұтқындарды да босатар деген үміт білдірген.

Мұхаммед Бекжан өткен ғасырдың соңына қарай Өзбекстанда құрылған «Ерік» партиясының бұрынғы мүшесі әрі осы аттас газеттің бас редакторы болған және ол шетелде қуғында жүрген өзбек оппозициялық лидері Мұхаммед Салихтың інісі. Ислам Каримов үкіметі Бекжанды Ташкентте 1999 жылы ақпанның 16-сы болған жарылыстарды ұйымдастырған деген айыппен соттаған. Бұдан 18 жыл бұрын Украинаның сол кездегі президенті Леонид Кучма Киевте тұрып жатқан Мұхаммед Бекжанды ұстап, Өзбекстан билігіне берген.

Әуелде сот Мұхаммед Бекжанды 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ кейін билік әртүлі сылтаулармен оның жаза мерзімін ұзартып отырған. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үкіметі батыс елдерінің, мәселен, АҚШ үкіметі мен халықаралық ұйымдардың Мұхаммед Бекжанды түрмеден босату туралы өтініштерін елеусіз қалдырып келген.

XS
SM
MD
LG