Accessibility links

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды


Қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының "Ақ Жол" партиясының съезінде сөйлеп тұрған сәті. Алматы, 2004 жыл. (Көрнекі сурет)
Қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының "Ақ Жол" партиясының съезінде сөйлеп тұрған сәті. Алматы, 2004 жыл. (Көрнекі сурет)

Оппозициялық белсенділер жыл сайын 2006 жылы 11 ақпанда қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынын өткізеді. Алматыда "Астана" қонақүйіндегі биылғы жиын дөңгелек үстел түрінде өтті. Жұрт Алтынбек Сәрсенбайұлының Кеңсайдағы зиратына да барып құран оқыды.

Дөңгелек үстелге​ құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина, Евгений Жовтис, Маржан Аспандиярова; "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева; журналистер Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи; жазушы Қабдеш Жұмаділов, азаматтық белсенді Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосов; Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай сияқты азаматтар қатысты. Дөңгелек үстелге ондаған азаматтар жиналды.

Жиында сөз алған Төлеген Жүкеев "Отанын сүйетін азаматтардың барлығы Алтынбекті ұмытпайды, оның әрекеттерімен мақтанады, ол тірі болғанда үлкен саясаткер болатын еді" деді. Жиын бағдарламасымен таныстырған ол "қазақ тіліндегі баяндаманың бірін Жанболат Мамай жасауы керек болған, бірақ ол ұсталып, баяндама жасай алмайтын болды" деп атап өтіп, абақтыға қамалған Жанболат Мамайдың мәлімдемесін оқып берді. Белсенді Мамай 10 ақпан күні ұсталған еді.

Жиында журналист Гүлжан Ерғалиева "кеше Төлеген Жүкеевті де ұстап алып кеткен, бірақ кейіннен жіберді, өзі оны атпай отыр" деді. Баяндама жасаған Евгений Жовтис қазір қамауда отырған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян, Мұхтар Жәкішев пен әкелі-балалы журналистер Сейітқазы және Әсет Матаевтар, кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев, Жанболат Мамаймен "бірге екенін" айтып, оларды "саяси астармен" қамалған азаматтар деп атады. Құқық қорғаушы "құқықты саясат ысырып тастады" деп мәлімдеді.

Бүгінгі дөңгелек үстелде Алтынбек Сәрсенбайұлының сақталып қалған видео-мәлімдемелерін көрген азаматтық белсенділері, журналистер, құқық қорғаушылар саясаткердің еңбегін еске алып, естеліктер айтып тарасты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен өлімі

XS
SM
MD
LG