Accessibility links

Франк-Вальтер Штайнмайер - Германия президенті


Франк-Вальтер Штайнмайер.
Франк-Вальтер Штайнмайер.

Ақпанның 12-і күні социал-демократ Франк-Вальтер Штайнмайер Германия президенті болып сайланды. Бұрынғы сыртқы істер министрінің кандидатурасын дауысқа салғанда бундестаг депутаттары мен аймақ парламенттері делегаттарының 931-і оған қолдау білдіріп, 103-і қалыс қалған. Дауыс беруге барлығы 1239 адам қатысқан.

Құрамына Германия социал-демократиялық партиясы мен ХДС/ХСС енетін консервативтік блоктың «үлкен коалициясынан» бірегей кандидат ретінде ұсынылған 61 жастағы Штайнмайер бірінші кезеңде жеңіске жетті.

Сайлауда жеңіске жеткен кандидат федералдық жиындағы дауыс беру нәтижесімен келіскен сәттен бастап ол ресми президент болып саналады. Германияның 12-президентінің инаугурация рәсімі наурыздың 19-ына белгіленген. Штайнмайер 77 жастағы Йоахим Гауктың орнына келеді.

Германияның жаңа президентін сайлауға арналған федералдық жиынды ашқанда сөйлеген сөзінде бундестаг жетекшісі Норберт Ламмерт АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путин жүргізіп отырған саясат алдында Еуропа бірлігінің қажеттігі туралы ұмытпауға шақырған.

Ламмерттің сөзінше, Трамп та, Путин де біртұтас Еуропаға мүдделі болып отырған жоқ. Сондықтан мықты Еуропаға деген мызғымас мүдделілік таныту және оның біртұтастығын сақтап қалу қажет деп мәлімдеген саясаткер.

АҚШ президентінің соңғы іс-әрекеттеріне тоқталған Ламмерт Трамптың оқшаулану мақсатын көздейтін бағытының қауіптілігі туралы ескерткен. Әлемге ашық болудың орнына бытыраңқылықты таңдап, "ең әуелі Америка" деген ұранды бағдарламасының бір бөлігіне айналдырған адам өз айтқанын өзіне қайтарған кезде таң қалмауы тиіс деп мәлімдеген Ламмерт.

XS
SM
MD
LG