Accessibility links

Шұғыла тұрғындарының жер дауына қатысты іс қайта қаралмақ


Шұғыла ықшамауданы тұрғындары қалалық соттың алдында тұр. Алматы, 13 ақпан 2017 жыл.
Шұғыла ықшамауданы тұрғындары қалалық соттың алдында тұр. Алматы, 13 ақпан 2017 жыл.

Алматыда бүгін Наурызбай ауданына қарасты Шұғыла ықшамауданы тұрғындары мен "Ақ бата" компаниясы арасындағы жер дауына байланысты апелляциялық сот шешімі шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Қалалық сотта өткен сот отырысына журналистерді кіргізбеді.

Шұғыла ықшамауданы тұрғындарының жер дауына қатысты соттасып жүргеніне бірнеше жыл болды. Алматының Әуезов аудандық соты 2014 жылдың желтоқсанында Шұғылада тұратын 182 жер телімі иесіне қатысты "тұрғындар жер телімдерін "Ақ бата" компаниясына қайтарсын" деген шешім шығарған. 2015 жылы 26 ақпанда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы ол шешімді күшінде қалдырған.

2016 жылы 26 қазанда Наурызбай аудандық соты тұрғындар шағымын қанағаттандырып, Шұғыла тұрғындарына 153 гектар жерді қайтару туралы шешім шығарған. Бірақ кейін "Аб бата" компаниясы осы 153 гектар жердің 22 гектарына таласып, апелляциялық шағым берген.

Шағымды қараған қалалық сот судьясы Тұрсын Нәбиев сот ісін қайта қарау туралы шешім шығарды деді Азаттыққа Шұғыла ықшамауданының тұрғындары Мұрат Есенғазы және Мәкен Төлеш. Тұрғындар бүгінгі сотта "Ақ бата" компаниясының атауы "Тимус Констракшн" деп өзгергенін де білген. Тұрғындар адвокатының сотқа келмегенін айтады.

Сотқа қатысқан тұрғындардың сөзінше, компания өкілі сотта жердің банкке кепілге қойылғанын айтқан, бірақ оны растайтын құжаттарын көрсете алмаған. Шағымданушы компанияның өкілдері мен адвокаты сот шешіміне қатысты комментарий беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG