Accessibility links

Ақтөбе соты экс-шенеуніктің шағымын қанағаттандырмады


Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева сот шешімін оқып тұр. 14 ақпан 2017 жыл.
Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева сот шешімін оқып тұр. 14 ақпан 2017 жыл.

Ақтөбе қалалық соты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетовтің қызметінен заңсыз қуылғаны туралы шағымын қанағаттандырмай тастады. "Қыздарын Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебіне орналастыру үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара берді" деп айыпталған шенеуніктің ісін 2016 жылғы 25 қараша күні Әдеп кеңесі қарап, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шешімге наразы Алмат Ермағамбетовтің адвокаты Раушан Ізтілеуова "20 мың доллар пара емес, менің қорғауымдағы азаматтың қызын Назарбаев зияткерлік мектебінің ақылы дайындық курсына түсіру үшін берілген өтем" деп санайды.

Сотқа мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ақтөбе облыстық департаментінен келген бас маман Сәнім Қуантаеваның айтуынша, Алмат Ермағамбетов қоғамның сынына ұшырып, мемлекеттік қызмет абыройына нұқсан келтірді. Сондықтан Әдеп кеңесі оны қызметінен қуу туралы шешім қабылдаған. Бұл шешіммен келіспей, сотқа шағымданған Алмат Ермағамбетовтің өзі бүгін сот залында болған жоқ. Ал оның жұбайы Айнұр "Интернетте сыналмай жатқан шенеунік кемде кем. Солардың бәрі жұмысынан қуылып жатыр ма? Жұрт сынады екен деп, мәселенің байыбына бармай, жұмыстан шығару - барып тұрған заңсыздық" деді. Адвокат Раушан Ізтілеуова Алмат Ермағамбетовтің ісін алдымен әкімдіктегі жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сынағанын, Әдеп кеңесі өз шешімін облыс әкімі айтқан сын негізінде қабылдағанын айтады.

40 жастағы Алмат Ермағамбетов 2014 жылдың қаңтар айы мен 2016 жылдың қараша айы аралығында Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG