Accessibility links

Ресей Украинаға қоныс аударған экс-депутатқа іздеу жариялады


Денис Вороненков, Ресей Мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты.
Денис Вороненков, Ресей Мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты.

Ресейдің Федералдық тергеу комитеті Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Денис Вороненковқа федералдық іздеу жариялады.

"Коммерсанть" газетінің өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, экс-депутатқа сыртынан "2011 жылы Мәскеуде құны бес миллион долларға бағаланатын ғимаратты рейдерлікпен тартып алды" деген айып таққан.

Вороненков бұл іс бойныша бұрын да істі болған. Бірақ бас прокуратура оны депутаттық қол сұғылмаушылық құқығынан айыру туралы ұсыныс беруден бас тартқан.

2016 жылы қазанда Вороненков Ресейде қудаланудан қауіптеніп, Украинаға қоныс аударған. 14 ақпанда "Цензор.Нет" басылымына сұхбат берген Вороненков Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын "қателік" деп атаған. Ол Ресейдегі қазіргі саяси жағдайды нацистік Германияда болған жағдаймен салыстырып, тұтас мемлекет "жалған патриоттық тұншықтырғыш иістен ақылынан алжасты" деп мәлімдеген. Вороненковтың сөзіне қарағанда, ол Ресейден Украинаға әйелі, Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Мария Максаковамен бірге Ресей арнайы қызметінің қуғынға ұшыратуынан кеткен. Вороненков өткен жылы желтоқсанда Украина азаматтығын алған. Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты сонымен қатар Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің мемлекетке сатқындық жасауы ісі бойынша жауап бергенін де растады. "Янукович - қуыршақ. Ол биліктен бездіруге өзі себепкер болды және оның Ресей әскерін кіргізу туралы үндеуі заңсыз болды" деген экс-депутат.

XS
SM
MD
LG