Accessibility links

Атырауда сотталған бұрынғы полицейлер босатылды


Атырау қалалық соты (Көрнекі сурет).
Атырау қалалық соты (Көрнекі сурет).

Атырау қалалық соты әріптестерінің "өкінуінен" соң сотталған бұрынғы төрт полицейдің апелляциялық шағымын қарады. Апелляциялық сот экс-полицейлер Азамат Достанов, Ілияс Стамғалиев, Ернар Іздібаев және Нұржан Оразғалиевтің бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектек жазасына өзгертті деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" сайты.

2016 жылы 28 желтоқсанда Атырау қалалық соты экс-полицейлерді "дәлелді қолдан жасау", "кінәсіз адамды көпе-көрінеу қылмыстық жауапқа тарту", "қызмет бабын асыра пайдалану" және "қызмет бабында жалған құжат жасау" баптары бойынша айыпты деп тауып, деп айыптап, әрқайсысын үш жылға соттаған. Сот үкімі бойынша олар шендерінен, мемлекеттік органдарда үш жылға дейін жұмыс істеу құқығынан айырылатын болған.

Адвокаттар соттан төрт сотталушының жас екенін ескеруді және оларға рақымшылық жасауды сұраған. Апелляциялық соттың шешімімен Достанов пен Стамғалиевке бір жыл, Оразғалиевке екі жыл үш ай, ал Іздібаевқа бір жыл 11 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім жарияланған сәттен бастап күшіне енді.

Атыраудағы бір топ полиция қызметкерлері бұрынғы полицей, жергілікті тұрғын Дмитрий Кимді ұрлап әкетіп, өлтірді деген айыптармен сотталған Манарбек Өтеуовтің "өкіну хатынан" соң ұсталған. Өтеуов хатында бұрынғы басшылығын өзінің қылмысына және басқа да қылмыстарға қатысы барын айтып, Атырау полициясының жоғары шенді бірнеше шенеунігінің атын атаған. Өткен жылы мамыр айында сот оны 22 жылға соттаған. Бұл іс бойынша өзге төрт адам - бұрынғы екі жедел уәкіл мен екі тергеуші процессуалдық келісім жасасып, кінәларын ішінара мойындаған. 2016 жылы 27 желтоқсанда бұрынғы екі жедел уәкілге бас бостандығын шектеу, ал екі тергеушіге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

XS
SM
MD
LG