Ақтөбе соты жергілікті "Ақтөбе" футбол клубының бұрынғы ойыншысы Маркос Пиззелидің клубқа қарсы шағымын қанағататндырудан бас тартты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Футболшы "Ақтөбе" клубынан 63,4 миллион теңге талап еткен. Оның 4 миллион 991 мың теңгесі жалақы қарызы, 58 миллион 432 мыңы - өтемақы.
14 ақпанда басталған сот процесіне Маркос Пиззелидің өзі қатысқан жоқ. Сотқа футболшының атынан қатысқан адвокат Александр Вдовин сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтты. Адвокаттың сөзінше, 2015 жылдың соңында футболшымен еңбек келісім-шартын бұзған "Ақтөбе" 2016 жылғы 30 наурызға дейін 189 мың АҚШ доллары көлемінде компенсация төлеуге уәде еткен.
- Алайда, клуб басшылары уәделерінде тұрмағандықтан Қазақстанның футбол федерациясына, кейін қалалық сотқа шағымдануға мәжбүр болдық, - дейді адвокат.
Сотта "Ақтөбе" футбол клубының мүддесін қорғаған Марат Ниязмағанбетов еңбек келісім-шарты тараптардың келісімімен бұзылғанын айтты.
- "Ақтөбе" клубы Маркос Пиззелиге қарыз емес. Ойыншы клуб құрамында болған екі жылға жуық мерзімде жалпы сомасы 362 миллион 163 мың теңге жалақы алды, - дейді Марат Ниязмағанбетов.
Маркос Пиззели "Ақтөбе" футбол клубы құрамында 2014-2015 жылдары ойнаған. Қазір Грекияның "Ксанти" клубының ойыншысы.