Accessibility links

Жанболат Мамайды қорғау комитеті құрылды


Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Facebook әлеуметтік желісіндегі видеодан скриншот.
Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Facebook әлеуметтік желісіндегі видеодан скриншот.

Алматыда бастамашыл топ "қаржы жымқыру" ісі бойынша қамалған тәуелсіз журналист, "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қорғау комитетін құрғанын хабарлады.

Комитет жетекшісі Розлана Таукинаның Азаттыққа айтуынша, комитет 14 ақпан күні Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро кеңсесінде құрылған. Комитет Мамай ісінің әділ және ашық тергелуіне ықпал ету үшін қоғамды хабардер етіп отыруды мақсат тұтады.

Комитет құрамына қоғам белсенділері мен журналистер - Рысбек Сәрсенбай, Айдос Сарым, Ерлан Қалиев, Евгений Жовтис, Андрей Свиридов, Расул Жұмалы, Ермұрат Бәпи, Әміржан Қосанов, Тамара Қалеева, Бақытжан Төреғожина, Рамазан Есіргепов кірген.

Комитет Жанболат Мамайды қорғауға қатысты бірқатар мәлімдеме жасап, баспасөз конференциясын өткізбек ниетте.

Таукина комитетке Жанболат Мамайға тілектес және оны қолдағысы келетіндердің қосыла алатынын айтады.

Үкіметтегі коррупция және басқа да қоғамдық өзекті мәселелер туралы жазып жүрген Мамай 11 ақпанда тергеу аясында екі айға қамалған. Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері қазір шетелде қуғында жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Мамай егер күдікті деп танылса, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.

Бірақ Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Саяси қалам. Трибуна" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекеті деп санайтынын мәлімдеген. Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атаған.

Мамай қамалғанға дейін Азаттыққа өзін әлдебіреулердің аңдитыны туралы айтқан.

XS
SM
MD
LG