Accessibility links

Павлодарда тұрғындар тағы да ауыз сусыз қалды


Су құбыры жарылған көше. Павлодар, 16 ақпан 2017 жыл.
Су құбыры жарылған көше. Павлодар, 16 ақпан 2017 жыл.

Павлодарда өткен түні тағы да коммуналдық апат болып, бірнеше үй сусыз қалды. Су құбырының жарылуынан Камзин - Гагарин көшелерінің қиылысын су басты. Тұрғындар су басқан жерден түсірген видеоларын әлеуметтік желіге жариялап жатыр.

Су құбырының жарылғанын Павлодар қалалық әкімдігі растады. Қазір ауыз судан көп қабатты бес үй мен оған жақын жер үйлер, су құдықтары ажыратылып, жүздеген тұрғын сусз қалды. Әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде "суық су берілетін диаметрі 600 миллиметрлік магистральді құбырдың" жарылғанын хабарлады. Коммуналдық қызмет қазір апатты жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Павлодарсуқұбыры" компаниясының бас инженерінің орынбасары Владимир Старопульцев "апат болған амақтағы құбырлардың ескі" екенін және магистральді құбырларды жөндеу жұмысы биылға жоспарланғанын айтты.

- Әрине, апта басындағыдай ауқымды апат болмайды. Құбырдың жарылған бөлігіне әлі жеткен жоқпыз, күн соңына дейін жетеміз деп ойлаймын. Таңғы сағат 8-ден бері тұрғындарға ауыз су жеткізіліп жатыр, - деді Владимир Старопульцев.

Өткен жексенбіде су құбыры желісінде болған апаттан Павлодар қаласы ауыз сусыз қалып, Павел Васнецов көшесін су басқан. Кейбір үйлерде бір тәулікке жуық ауыз су болмады. Коммуналдық қызмет апат шойын тиектің істен шығуынан болған дейді.

XS
SM
MD
LG