Жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген азаматтар міндетті медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызы көлемінде қаржы аударады деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бұл туралы министр бүгін Алматыда өткен жуналистермен кездесуінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында айтты.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі жайлы өткізген жиында Азаттық тілшісі Біртановқа "Ауылды жерлерде тұратын, көбіне шаруашылықпен жан бағып отырған, бірақ жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген азаматтар міндетті медициналық сақтандыру қорына қаржы аудара ма?" деп сұраған. Министр тілшіге мұндай азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызы көлемінде қаржы аударатынын, ал оған дейін республикада бұған қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Жиында Біртанов міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылатын азаматтардың 15 санаты белгіленгенін де айтты. Олардың арасында балалар, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, интернатта тұрып оқитындар және жұмыссыз оралмандар бар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 22 желтоқсанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заңға қол қойған.
Заңға сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне медициналық сақтандыру үшін төлем жасай бастайды. Ал 2017 жылы 1 шілдеден бастап "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі" енгізіледі. Жарна төлеген азаматтар дәрігерлік көмекке 2018 жылы 1 қаңтардан бастап осы жүйе негізінде жүгіне алады.