АҚШ-та сот үкімімен өмір бойы түрмеге кесілген египеттік исламшылдар тобының рухани жетекшісі Омар Әбдел-Рахманның абақтыда қайтыс болғаны хабарланды.
Туғаннан қос жанары көрмейтін Әбдел-Рахманды «соқыр шейх» деп те атайтын. Ол 1993 жылы Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығындағы алты адамның ажалына себеп болған жарылысты ұйымдастырған деген айыппен сотталып, Солтүстік Каролина штатындағы "Батнер" түрмесінде жазасын өтеп жатқан.
Өткен ғасырда Египетте үкіметке қарсы іс-әрекеті үшін бірнеше рет түрмеде отырған Әбдел-Рахманды 1990 жылы сол кездегі үкімет елден шығарып жіберген. Кейін ол АҚШ-қа қоныс аударған.
Омар Әбдел-Рахман Египеттегі «Ислам жамағаты» исламшылдар тобының рухани көсемі болған. Құрама Штатттар бұл топты террористік ұйымға жатқызған және АҚШ пен Египетте жасалған бірнеше жарылыс пен шабуылдарды ұйымдастыруға қатысы бар деп санайды.