Accessibility links

Франция СІМ: Ресей біздегі сайлауға ықпал еткісі келеді


Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйро.
Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйро.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйро өз елінде биыл көктемде өтетін президент сайлауына ықпал етуге тырысып жатыр деп Ресейді айыптады. Ол Франция президенті сайлауына түсіп жатқан тәуелсіз кандидат Эмманюэль Макронға қарсы хакерлік шабуылдарға Мәскеудің қатысы болуы мүмкін деп санайды.

Француз сыртқы істер министрінің сөзінше, Ресей әсіреоңшыл Марин Ле Пен мен оңшыл центристік ұстанымдағы Франсуа Фийон тәрізді кандидаттарды қолдайды, еуропашыл көзқарастағы кандидат Эмманюэль Макрон хакерлік шабуылға ұшыраған. Ол елдің ішкі ісіне араласпау – халықаралық байланыстың негізгі қағидасы екенін айтқан.

Ақпанның 13-і күні Эмманюэль Макронның сайлау штабы саясаткерге қарсы ресейлік хакерлер шабуыл жасағаны туралы мәлімдеген. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Қаңтардың 6-сы күні америкалық арнайы қызметтер ұсынған баяндамада АҚШ-та былтыр өткен президент сайлауына Ресей хакерлер көмегімен араласқаны туралы айтылған. АҚШ барлау қызметтері қауымдастығы кибер-шабуылға Ресей президенті Владимир Путин тікелей бұйрық берген деген тұжырым жасаған.

2017 жылы сайлау өткізуді жоспарлап отырған Германия мен Франция ресейлік хакерлер шабуылынан қауіптенеді.

XS
SM
MD
LG