Шымкентте 8-ақпан күні Теріскей шағын ауданында көпқабатты 62-үйдің бір пәтерінде газ жарылысынан бұзылған бес пәтер қайта жөнделіп бітті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Жөндеу жұмыстарын әкімдік тарапынан тартылған демеушілер мен газ жарылысы болған пәтер иесінің туыстары жүргізді. Бұзылған бес пәтердің төртеуіне сыртқы есік пен терезе қойылған. Ал жарылыс болған пәтермен қабаттаса орналасқан пәтерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілген.
- Сыртқы есік пен терезелерді әкімдік тапқан демеушілер жасап берді. Ал ішкі есіктер мен қалған жұмыстарды көршіміз өз есебінен жөндеді, - дейді өзін пәтер иесімін деп таныстырған Жанар Қайынқұлова.
Оңтүстік Қазақстан облысы ауруханасының жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Икрам Төлеевтің айтуынша, газ жарылысынан 32 пайыз күйік шалып ауруханаға түскен науқастың жағдайы қазір қалыпты.
- Науқас жан сақтау бөлімінен күйік бөліміне ауыстырылды. Жағдайы бірқалыпты, сауығып келеді, - дейді ол.
8-ақпан күнгі көпқабатты тұрғын үйдегі жарылыс таңғы сағат жеті шамасында болған. Тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтерде жарылыс болған кезде онда пәтер иесінің 36 жастағы жиені жүрген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жарылысқа "газ плитасына түтікшенің дұрыс жалғанбауынан газ жиналып қалғаны" себеп болғанын хабарлаған.
Жарылыс салдарынан ол пәтердің 2,3 және 4-қабаттарындағы көршілері де зардап шеккен болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов әкімдік тарапынан көпқабатты тұрғын үйдегі жарылған пәтердің көршілеріне ешбір көмек көрсетілмейтінін мәлімдеген.
Шымкентте жыл басынан бері осымен екінші рет үйде жарылыс болып отыр. Қаңтардың 8-і күні 18-шағын ауданындағы жеке меншік екі қабатты ескі үйде де газ жарылып, бір адам қаза тапқан.