Accessibility links

Белсенділер сотта Мамайды босатуды талап етіп акция өткізді


Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Facebook әлеуметтік желісіндегі видеодан.
Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Facebook әлеуметтік желісіндегі видеодан.

Алматы қалалық сотында қоғамдық және азаматтық белсенділер тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етіп акция өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, акцияны Мамайды қорғау комитетінің мүшелері ұйымдастырды. Алматы қалалық сотында қазір Мамайдың адвокатының журналисті қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту жөніндегі апелляциялық шағымы қаралмақ.

Сот ғимаратында өткен акцияда белсенділер "Саяси тұтқындарға бостандық" деп жазылған плакат ұстап тұрды. Плакатта Жанболат Мамай, қуғындағы олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов, азаматтық белсенділер Макс боқаев пен Талғат Аян, саяси диссидент Арон Атабектің суреттері басылған.

Акцияда сөйлеген журналист Гүлжан Ерғалиева соттан Жанболат Мамайды босатуды, болмаса үйқамаққа алуды, я кепілге босатуды талап етті. Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Мамайдың Назарбаевтың немерелерімен жасты адам екенін, өз елінің патриоты, қоғамдық іс-әрекетінің бұрыстығы жоғын айтты. Қосанов билік Мамайды босату керегін, оның сотқа дайындалуы керегін мәлімдеді.

28 жастағы журналист Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атаған.

XS
SM
MD
LG