Accessibility links

АҚШ вице-президенті Брюссельде ЕО және НАТО басшыларымен кездеседі


Майк Пенс, АҚШ вице-президенті. Мюнхен, 18 ақпан 2017 жыл.
Майк Пенс, АҚШ вице-президенті. Мюнхен, 18 ақпан 2017 жыл.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс бүгін Еуропа Одағы (ЕО) және НАТО басшылығымен оларды АҚШ-тың Еуропа мен Еуроатлантикалық ынтымақтастыққа ниеттес екеніне нандыру үшін кездесу өткізеді. Пенс Брюссельде ЕО сыртқы саясат ведомствосының басшысы Федерика Могерини, Еуропа кеңесінің президенті Дональд Туск, Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер және НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтермен кездеседі.

Пенс Брюссельге сапарынан бұрын Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысып, бұрынғы нацистер концлагері Дахауға барған. Пенс Мюнхенде Еуропа басшылары мен қауіпсіздік жөніндегі сарапшыларды президент Дональд Трамптың Еуропаны қолдайтынына сендірмек болды. "Құрама Штаттар қашан да сіздердің ең негізгі одақтастарыңыз болып қала береді" деді Пенс.

Трамптың сайлау кампаниясы барысында айтқан сөздері одақтастар арасында алаңдаушылық туғызған еді. Ол НАТО-ны "ескірген ұйым" деп сынаған, сонымен қатар Ұлыбританияның ЕО-дан шығу туралы шешіміне қолдау білдіріп, Ресей президенті Владимир Путин жайлы жылы пікірлер айтқан болатын.

Мюнхенде Балтық бойы басшыларымен бірге Пенспен кездескен Эстония президенті Керсти Кальюлайд өзін Пенс пен АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттистің пікірлері тыныштандырғанын айтты. "Мен оларға сенемін және көңілім біраз жайланды" деді Кальюлайд. Дегенмен, Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Айро Мюнхендегі келіссөзде Пенстің ЕО туралы бірде-бір рет айтпағанына "таңданыс" білдірді.

Сыртқы саясат жөніндегі ЕО комиссиясының басшысы Могерини Пенстің бұл сапары "өте маңызды саяси белгі" екендігін айтты. Бірақ ол да АҚШ пен ЕО байланыстары өткен онжылдықтарға қарағанда анағұрлым прагматикалық сипатта болуы керегін айтты.

XS
SM
MD
LG