Accessibility links

ЕҚЫҰ: Донбаста қақтығысты тоқтату режимі жұмыс істеп тұрған жоқ


Ламберто Заньер, ЕҚЫҰ бас хатшысы.
Ламберто Заньер, ЕҚЫҰ бас хатшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бас хатшысы Ламберто Заньер Украинада оқ атуды тоқтату режимі әлі де өрескел бұзылып отырғанын және өткен аптада келісілгендей, тараптардың майдан шебінен ауыр әскери техникаларын әкетіп жатқанына «ешқандай дәлел жоқ» екенін мәлімдеді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Нью-Йоркте өткен баспасөз конференциясында осы қақтығыс бойынша баяндама жасағаннан кейін Ламберто Заньер: «Оқ атуды тоқтату режимін бұзу жағдайлары әлі күнге толастамай отыр, сондықтан да тыныштық жоқ. Бізде қару-жарақтардың әкетіліп жатқанын дәлелдейтін айғақ жоқ» деді.

Украина үкіметінің әскері және Ресей қолдайтын сепаратистер апта басында оқ атпау туралы жаңа келісім жасасып, екі жақтың майдан шебінен ауыр-қару жарақтарды әкетуге уағдаласқан. Алайда Заньер Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында жағдай «шиеленіскен» күйінде қалып отырғанын және әскери қимылдар мен қақтығыстың тұтану қаупі басым деп санайтынын айтты.

Өткен аптадағы оқ атуды тоқтату туралы келісім 2015 жылғы ақпанда қабылданған Минск бейбіт келісімін іске асыру мақсатында жасалған. Минск келісімінің өзі қабылданған кезден бері бірнеше рет өрескел бұзылды.

Заньер Украинада қақтығысты тоқтату мәселесінен өзге Еуропада "жаңа қирғи-қабақ соғысы менталитеті" орныға бастауы үлкен мәселе болып отырғанын және қазір бұрынғы қырғи-қабақ соғысы кезеңіндегідей үлкен дағдарыстардың алдын алу механизмдері жоғын айтты.

«Нақтылы келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ, сенім жоқ. Ресей мен Батыстың арасындағы қатынастар олардың ішкі мәселесі болып қалып отыр. Қырғи қабақ соғыс кезеңінде диалог болатын және оның белгілі бір нәтиже де беретін. Қазір ондай диалог расымен жоқ, оның орнын тараптардың бір-бірін айыптауы алмастырған" деді Заньер.

"Дағдарысты жағдайда іске қосылып, қауіпті дағдарыстың қақтығысқа ұласуына жол бермейтін қолданыстағы тетіктер жұмыс істеп тұрған жоқ" деді ЕҚЫҰ бас хатшысы.

XS
SM
MD
LG