Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 22 ақпан күні тұрғындар алдында есеп берді. Облыс басшысы халықпен кездесу үшін қала сыртындағы теннис кортын таңдаған. Мұның себебін Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы «қалада одан үлкен зал жоқ» деп түсіндірді.
Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсарғандықтан былтыр Ақтөбе облысында 16 мың жаңа жұмыс орны пайда болған. Бірақ облыстағы жұмыссыздық деңгейі былтырғы қалпында - 4,8 пайызды құрайды.
Бердібек Сапарбаевтың есептік жиынында жұмыссыз жүрген тұрғындар кезек-кезек сөз алып, қиындықтарын баяндады. Соларды бірі – Шұғыла Нұрланбек Ақтөбеге Қытайдан қоныс аударған. Мамандығы – физик. Қала мектептерін аралап, мамандығы бойынша жұмыс таба алмағанын айтқан Нұрланбек «Мен сіздерге балық бер деп тұрғаным жоқ. Балық аулайтын қармақ яғни, жұмыс тауып берсеңіздер екен» деді.
Шұғыла Нұрланбектің мәселесін шешуді сол жерде өз орынбасарларына тапсырған Бердібек Сапарбаев биыл Ақтөбе облысының 31 мың тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланып отырғанын айтты.
Есептік жиында негізінен баспана жоқтығы, жұмыссыздық, қоғамдық көлік жайы, жер учаскелерін бөлу, тағы сол сияқты әлеуметтік мәселелер көтерілді.