Accessibility links

Қырғыз парламентінің кезектен тыс отырысы өтетіні жайлы ақпаратты жоққа шығарды


Қырғызстан Жогорку Кенеші отырысы. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстан Жогорку Кенеші отырысы. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан парламенті (Жогорку Кенеш) баспасөз қызметі депутат Каныбек Иманалиевтің ертең парламенттің кезектен тыс отырысы өтеді деген мәлімдемесін жоққа шығарып, бұл туралы фракция шешімі түспегенін айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Ақпанның 27-і күні парламент спикері Чыныбай Турсунбеков фракция жетекшілерімен кездесіп, осы мәселені талқыламақ.

Қырғызстан конституциясының 77-бабына сәйкес, парламенттің кезектен тыс отырысын президенттің, үкіметтің немесе парламент депутаттарының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша парламент спикері шақырады.

Бұған дейін депутат Каныбек Иманалиев «Ата Мекен» оппозициялық партия фракциясының лидері Омурбек Текебаевтың ұсталуының заңдылығын талқылау үшін дүйсенбі күні парламент отырысы өтеді деп мәлімдеген. Бүгін таңертең Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдына жиналған Текебаевтың жақтастары оппозициялық саясаткерді босатуды талап еткен.

Омурбек Текебаевты өткен түні шетелден оралып, ұшақтан түскен сәтте Бішкек әуежайында ұстап, тергеуге әкеткен. Кейін тергеу органдары Текебаевтың 48 сағатқа ұсталғаны туралы хабарлаған. Бұдан бір күн бұрын билік Омурбек Текебаевқа қатысты қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша іс қозғағаны белгілі болған. Текебаевтың өзі Австрияда жүріп Азаттықтың сұрағына жауабында ол қылмыстық іс туралы бейхабар екенін айтқан еді. Осымен соңғы бірнеше айдың көлемінде Қырғызстан парламентіндегі «Ата Мекен» партиясы фракциясына мүше үшінші депутаттың үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.

XS
SM
MD
LG