Accessibility links

Ресейде белсенді Ильдар Дадин түрмеден босап шықты


Ресейлік оппозициялық азаматтық белсенді Ильдар Дадиннің (сол жақта) түрмеден босап шыққан сәті. Рубцовск, 26 ақпан 2017 жыл.

Ресейлік оппозициялық азаматтық белсенді Ильдар Дадин бүгін Алтай өлкесі Рубцовск қаласындағы 5-ші түзеу колониясынан бостандыққа шықты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Содан бірнеше сағат бұрын түзеу колониясына арнайы байланыс көлігі келген. Азаттыққа дерек көздерінің хабарлауынша, бұл көлік Ресей жоғарғы сотының Ильдар Дадиннің үкімінің күшін жою туралы қаулысын жеткізген.

Жоғарғы сот ақпанның 22-і күні Ильдар Дадинге қатысты қылмыстық істі жабу және белсендінің ақталуға құқылы екені жайлы шешім шығарған. Дадин жазасын өтеп жатқан колония басшылығы қаулының түпнұсқасын алғанша тұтқынды босатпаған. Жексенбі күні Дадиннің әйелі Анастасия Зотовамен телефон арқылы сөйлескен түзеу колониясы бастығы Иван Ламтюгин жоғарғы сот қаулысы қолына тиісімен тұтқындағы белсендіні босату процедурасы басталғанын, Дадин екі сағаттың ішінде бостандыққа шығатынын хабарлаған.

Ильдар Дадиннің түрмеден шыққан сәті:

Бұған дейін Дадиннің адвокаттары белсендіні түзеу колониядан заңсыз шығармай отырғаны туралы Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына, Ресей прокуратурасы мен федералдық жаза орындау қызметіне шағым жолдаған. Жұма күні Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей билігінен Ильдар Дадинді неліктен колониядан шығармай отырғанына түсінік талап етіп, оның ақпанның 27-іне дейін қамаудан босап шығатыны туралы жауап күтетінін айтқан.

34 жастағы Ильдар Дадин Ресейде рұқсат етілмеген қарсылық акцияларына бірнеше рет қатысқаны үшін сотталған алғашқы адам. 2015 жылы желтоқсанда сот оны үш жылға бас бостандығынан айырған. Кейін жаза мерзімі алты айға азайтылған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG