Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында бүгін ел астанасында ұсталған «Ата Мекен» оппозициялық партиясының парламенттік фракциясы лидері Омурбек Текебаевты жақтайтын жиырмаға жуық адам мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдына жиналып, наразылық акциясын өткізген. Бұдан соң жиынға қатысушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен «саяси қуғынды» тоқтатуды талап еткен. Егер талаптары орындалмаса наразылық акциялары жалғасатыны туралы мәлімдеген.
Қазір Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдында Текебаевты қолдаушылардың наразылық акциясы жалғасып жатыр. Оппозициялық депутатты қолдау шеруі Жалалабад облысы Базарқорған ауданында да өткен. Оған қатысушылар акцияны ертең жалғастыратындарын айтып тараған.
Сонымен бірге Текебаевты жақтайтын жүзге жуық адам Таластан Бішкекке жолға шыққаны туралы ақпарат тарады.
Бүгін таңертең Венадан іссапардан оралған Омурбек Текебаевты Бішкек әуежайында ұстап, тергеуге әкеткен. Кейін билік оның 48 сағатқа ұсталғаны туралы хабарлаған.
Бұдан бір күн бұрын билік Омурбек Текебаевқа қатысты қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша іс қозғағаны белгілі болған. Текебаевтың өзі Австрияда жүріп Азаттықтың сұрағына берген жауабында ол қылмыстық іс туралы бейхабар екенін айтқан еді.